

Арынды арқан
Ойнаушылар дөңгелене шеңбер құрып тұрады. Бір ойыншы арқанның бір жақ ұшын ұстап, шеңбер ортасында отырады. Екінші ойыншы арқанның екінші ұшына таяқша байлап, шеңбер бойымен айналдырады. Ал балалар арқанды аяқтарының астынан секіре алмай ұстап қалса, сол бала ойыннан шығады да, көпшіліктің ұйғаруы бойынша, ортада өнер көрсетеді.
Немесе былай да ойнауға болады: арқаннан секіре алмай қалған бала ойыннан шығып қалады, осылайша бір ойыншы қалғанға дейін арқанды айналдыра беруге болады, соңғы қалған бір ойыншы жеңімпаз атанады.
Арқан тартыс
Ойынды жаздыгүні көгалда ойнауға болады. Ойнаушылардың саны он баладан көп болмағаны жөн. Ойынға ұзындығы сегіз‑он метр екі ұшы түйілген арқан керек. Арқанның тең ортасына белгі ретінде қызыл мата байланады. Ойынға қатысушылар бойына қарай бір қатар жасап тұрады да, ойын жүргізушінің тапсыруымен бір, екі… деп санап шығады. Содан кейін екі дегендері (жұп) бір жаққа, бір дегендері (тақ) екінші жаққа бөлінеді.
Арқанның қызыл мата байлаған жерін күні бұрын еденге немесе жерге сызылған белгі сызықтың үстіне дәл келтіреді. Ал ойнаушылар арқанның белгісінен бастап ұшына дейін қос қолдап ұстап тартып тұрады. Егерде арқанға қолдары сыймаса, онда ойыншылар бірінің белін бірі ұстайды.
Ойын жүргізушінің белгісі бойынша екі команда арқанды екі жаққа тартады. Ойынның мақсаты – екі команданың бір не бірнеше ойыншысын ортаға сызықтан өз жағында тартып шығару.
Ортаңғы сызықтан өтіп кеткен команда ойыншысы ойыннан шығып қалады.
Қай команда қарсылас команданың ойыншыларын түгелдей ортаңғы сызықтан өз жағына өткізсе, сол ұтқан болып есептелінеді. Ойыншылардың өзара келісімдері бойынша ойынды тағы да жалғастыруға болады.
***
Бұл ойынды ойнау үшін он‑он бес бала тартқанда үзілмейтін арқан және үлкен адамның алақаны көлеміндей екі тақтай дайындалады. Ол тақтайлардың ортасы арқан өтетіндей етіп тесіледі. Содан кейін қар жентектеліп, аққалаға ұқсатылып үйіледі. Оның орта шені таяқпен тесіледі де, әлгі арқан өткізіледі. Содан тақтайшалар аққалаға екі‑үш қарыстай тақап әкелініп, арқан түйілетін болады. Тақтайшалар өздеріне қарай сырғып кетпейтіндей жағдайда болуы керек. Бәрі дайын болған соң, команда екі топқа бөлінеді де, екі жаққа ерсілі‑қарсылы тартыс басталады. Аққала қай топқа қарай құласа, жеңіс солардыкі болады.
Ақшамшық
Ойын жүргізуші ойыншыларды араларынан бір кісі өтетіндей етіп дөңгелете отырғызады да, ортаға шығып, өзі екі алақанын беттестіре ұстайды. Ойыншыларға да солай істеуді тапсырады. Содан кейін алақандарының арасындағы сақинаны ойыншылардың біріне тастау үшін айнала жүргізіп, бәрәне сақина тастаудың белгісін жасайды. Алайда ол сақинаны білдірмей біреуге ғана тастайды. Сақина жасырылған адам да оны басқаларға байқатпауға тырысады. Ойын басқарушы түгел айналып шыққан соң, ортаға келіп: «ақшамшығымды бер», ‑ деп дауыстайды. Сонда сақинаны алған ойыншы орнынан атып тұруы керек. Әрбір ойыншы оң жағында отырған көршісін бағады, сақинаның онда барын берсе, орнынан тұрып кетсе, жазаны сол жағындағы ойыншы тартады. Айыпкер көпшіліктіңұйғаруымен өлең айта ма, би билей ме, домбыра тарта ма – әйтеуір бір өнер көрсетіп жазасын өтеуге тиіс. Көпшіліктің ұйғаруына қарсыласуға болмайды.
Аңшылар
Ойнаушылар екі топқа тең бөлінеді. Бірі – «үйректер» шеңбердің ішінде қалады да, екіншісі – «аңшылар» ‑ шеңбер бойымен қатарға тұрады. Аңшылардың мақсаты – доппен үйректерді көздеп ұрып, ойыннан шығару. Ойын жүргізушінің белгісі бойынша аңшылар доп лақтырып, үйректі атып ала бастайды. Доп тиген үйрек ойыннан шығарылады. Ойынды белгіленген уақыт мөлшеріне дейін ойнауға болады. Ол үшін уақыт екі жаққа да тең белгіленеді. Берілген уақыт өткеннен кейін, аңшылар мен үйректер орындарын ауыстырады. Ойынның соңында белгіленген уақыт аралығында үйректі көп атып алған аңшылар тобы ұтқан болып есептелінеді.
***
Бұл ойын екі топтық командалардыңижарысы ретінде де ойналады. Бұрын шыққан топ ойыннан ұтылған болады (жалғыз қалған ойыншыға сыйлық беруге болады). Ойын жүргізуші күні бұрын сызылған шеңбердің бойына үш жерге үш ойыншы тұрғызады, оларға бір‑бірден доп беріледі, бұлар – «аңшылар». Қалған балалар – «үйректер» шеңбердің ішінде орналасады. Ойын жүргізуші «тоқта!» деген кезде, үйректер бір орындарында қозғалмай тұра қалады. Осы кезде аңшылар қолдарындағы доптарымен үйректерді көздеп ұра бастайды. Үйректер доптан бұлтара қашып, оны өздеріне тигізбеуге тырысады. Ойын үйректердің бәрі ойыннан шыққанша созылады да, келесі ойында үйректер мен аңшылар орын ауыстырады.
Ордағы қасқыр және Орамал тастау
Алаңнын ортасынан арлығы қырық‑елу см сызық сызылады. Бұл қасқыр жатқан ор. Қалған ойыншылар қозы, лақ болады да, сол сызықтың бір жағында жайылып жүреді. Мұғалімнің ескерткі бойынша қозы, лақтар ордың екінші жағына өтуі керек. Ал қасқырлар өтіп бара жатқандарды ұстауға тырсады. Қолға түскен немесе секіріп үлгермеген қозы, лақтар қайтадан жүгіреді. Қолға түскен қозы, лақтардың саны қасқырлармен бірдей болғанда, ойын тоқтатылады. Ойынның басында қасқырлардың саны қозы, лақтардан екі есе аз болады.
***
Орамал тастау (бірінші түрі)
«Орамал тастау» ойынына қатынасушылар араласа шеңбер құрып отырады. Ойын бастаушының қолындағы орамал шиыршықталған, ұруға ыңғайлы болады. Ойнаушылар ән немесе әңгіме айтып отырғанда, бастаушы оларды сырттарынан айналып, біреуді белгілеп, оның артына орамалын тастап кетеді. Егер қайта айналып келгенде, әлгі адам өзінің сырт жағындағы орамалды байқамаса, басқарушы оны орамалмен ұрғылайды. Ал егер отырған адам өзінің сыртына орамал түскенін байқаса, бастаушыны қууға тиіс. Ойыншыдан қашып жүрген бастаушы босап қалған орнына келіп отырады.
Орамал тастау (екінші түрі)
Ойнаушылар екі топқа тең бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама‑қарсы қатар жасап тұрады. Ойын жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтағы өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол орамалды қарсы қатардағылардың біреуіне тастайды да: «Қа», ‑ деп дауыстайды, ол орамал тасталған ойыншы оны қағып алып: «ғаз», ‑ дейді, болмаса «ла» ‑ дейді. Сонда қағаз, қала, т.б. сөздер шығады. Айтылатын сөз екі буыннан ғана тұруы керек. Мысалы, «са» деп дауыстаса – са‑лақ, сақа, сабын, сарын сияқты сөздер айтылуы керек. Орамалды қағып алған ойыншы бірінші буынға қосылып атау сөз шығатындай екінші буынды тауып айта алмаса, ортаға шығып өнер көрсетеді. Одан кейін орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады. Осылайша ойнаушылар орамалды бір‑біріне лақтырып, ойынды жалғастыра береді.