Сабақтың тақырыбы: Қайсар рухты қазағым.
Сабақтың мақсаты:
А) Ата-бабамыздың тәуелсіздік жолындағы тарихына шолу жасай отырып, оқушылардың танымына ой түсіру.
Б)Оқушылардың Отан, туған жерге деген отаншылдық рухын
ояту сезімін қалыптастыру.
С)Ата-баба қорғаған тәуелсіздік туын биік көтеріп, аманатын
орындауға баулу.
Сабақтың көрнекілігі:
«Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз - ертең тұл» стендісі,
«Қазақ елі», «Астана» бүктемелері, «Тәуелсіздік тұлғалары» суреттер топтамасы , қанатты сөздер т.б.
Сабақтың барысы:
1.Кіріспе.
2. «Жырмен жазған тарихын, қазақ деген халықтың – ұрпағымыз бүгінгі» арнау.
3. «Ғасырлар сыр шерткенде» қойылым-толғаулар
4. «Тарихи тұлғалармен таныс болайық» тұлғатанымдық сынақ.
5. «Ұрпаққа аманат» Ұмай Ана аманаты.
6.Қорытынды.
1.Кіріспе сөз.
Мұғалім:
Құрметті ұстаздар, ата-аналар!
«Қайсар рухты қазағым» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Мақсатымыз – оқушыларымыздың бойында отаншылдық, ұлтжандылық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, Тәуелсіз Қазақстанның даңқын арттырар ұрпақ екенін сездіру. Олай болса тарихшы ретінде сөз басын да тарихтың аманатынан бастау алған - Тәуелсіздіктің құнын арттырар алғысөзбен бастағалы тұрмын.
Алғысөз.
Экранда «Қазақ жері» слайд-шоуы.
Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр алқап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тепкен атақонысы. Ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділге дейін, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік ата жұрты. Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең даланы біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алған қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны –оның еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ Орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.
Бодандық бұғауынан босанып, бостандыққа қол жеткіздік, ата-бабамыз жете алмай, ғасырлар бойы армандап өткен ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ие болдық. Қазақ елінің тәуелсіз дербес ел болып, көк байрағын көкке көтергеніне де, міне – 20 жыл.
Еркіндік тепе-теңдік, егемендік пен тәуелсіздік – қай халық үшін де, ежелден аса қадірлі ұғымдар. Мұны түсіну үшін елім деп соққан зор жүрек керек, жерім деп соққан жан пида сезім керек.
Бүгінгі тәрбие сағатында біз 5а сыныбының оқушылары
өзіміздің елге,Отанға деген махабатымызды жыр шашумен, білімімізбен, өнерімізбен өздеріңізге тарту етеміз, қабыл алыңыздар!.
2.»Жырмен жазған тарихын, қазақ деген халықтың – ұрпағымыз бүгінгі» жыр-шашу, арнау:
1оқушы. Мен-қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
2оқушы. Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жетті, ен далалыққа лықа байып.
3оқушы. Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіренткен.
Кіргені – есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тәжім еткен.
4оқушы. Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «Алаш» деген атты аламын,
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
5оқушы. «Мен қазақпын»
Мен қазақпын! Өзгешемін. Басқамын.
Бөлек суым, орман, тауым, аспаным,
Өзімдікі жетіп жатыр өзіме,
Бақ – ырысын қызғанбадым басқаның.
6оқушы. Атойлатып жауға шапқан батыры,
Батырлықты жырлап өткен ақыны
Армандаған азаттықты сан ғасыр,
Арманыма жетіп тындым ақыры.
7оқушы. Қызықтырмас алтының мен жақұтың,
Қастер тұтар бір кие ел-жұртым.
Оның аты – Тәуелсіздік, Еркіндік,
Осы менің байлығым да бақытым.
8оқушы. Біздің туға тән қасиет – мүлгімеу,
Ерте әлі дамылдар сәт келді деу.
Жеңістерді жария етіп тұрғандай,
Жарасады желмен бірге желбіреу.
9оқушы. Жатқан жоқ па өн бойында ой терең,
Шаңырақтың төбесінен күн көрем.
Жалғыз емес қос пырақты сыйдырған,
Ерекше деп Елтаңбамды айта алам?
10оқушы. Бұл өмірден жанның өзі торыққан,
Ести сала қайғы-мұңын ұмытқан
Екпінінен дауыл тұрып кетердей,
Әнұраным асқақтықты танытқан.
11оқушы. Тағат таппай сөйлесем де күніге,
Бұлбұл құс та қосылғандай үніме,
Жететін тіл барма екен жаһанда?
Менің көркем, сұлу Ана тіліме.
12оқушы. Біз – қазақпыз!
Есігі –ашық, төрі – кең.
Жылап өттік жұткыр өмір өрінен,
Жетер енді, желпінейік, қарайық,
Мына өмірге егемендік көзімен.
13оқушы. Жетер енді, Серпілейік, қарайық,
Мына өмірге иегердің көзімен.
«Егемендік», «Иесі мен» - деген сөз
Көптен бері естілмеген ерен сөз.
14оқушы. Енді тізгін, бір шылбырын өзі алар.
Көркем жігіт болып өссе көгенкөз.
Жаңғырады жүректерде ұлы ұғым.
Көркем олар өзіне тән қазағым.
15оқушы. Еркін елбеп ержеткіз сен дейді ғой,
Балдырғанның бауыр етін ұл-қызын.
Егемендік – ел болудың белгісі.
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
16оқушы. «Егемендік» деген сөзден естілер,
Ата-жұрттың арғысы мен бергісі,
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты ертеңгі!
О, Халайық,
Құтты болсын қуаныш!
3. «Ғасырлар сыр шерткенде» Сахналық қойылым.
1. Тіл кейіпкері:
Ана тілім, дана тілім, секілденіп жетім тіл, өз жерінде шеті сынған кеседей боп кетілдің. ... Иә, тіл – біздің басты анамыз, қазір әбден мұңайған, оны мұнша мұңайтқандар қорқар емес құдайдан... Туған тілдің жайын кім бар шындап ойлаған... Басшылар аз өз ұлтына тіке тағдыр байлаған...
Жетпіс жыл бойы мәңгүрттіктен шыға алмаған тілімнің күйі қандай... жанашыры бар ма екен?!(мұңайған кейпін көрсетіп,бүк түсіп отырады).
(Қазақстан егемендік алғаннан кейін бой түзеп көтерілуі)
Тіл тәуелсіздігі – ой тәуелсіздігінің, ел тәуелсіздігінің бастау бұлағы екендігін жадымызда ұстайық! Тарих терезесін қағып тұрған жаңа мыңжылдықтың, ХХІ ғасырдың табалдырығын ана тілімізге еркін сөйлеп аттайық, ағайын!
Бұл – ұлы арман, ұлы мақсат!
Жасай бер, бостандық пен махаббат, достық тілі – қазақ тілі!
Басқа жұрттың тілін біліп, өз тілімізді құрметтейтін уақыт келді, ағайын !
2. «Семей тағдыры» кейіпкері: Өсиетің қандай ғажап Жер – ана!
Қырық жыл бойы ел тамырын қиып, жерімді тілім-тілім еткен, бұл заман! Бұзба деді, Көк тәңірі де, Жер Ана да... бірақ...жер үнін, жер зарын ешкім тыңдағысы келмеді... Тыңдағысы келмеді... Балта шапқан ұрпағының Семейдегі жарылыс!...
Тоқтат қане, тоқтат қане үш жүз жылдық қасіреті бар бұл сұмдықты!(мұңайған кейпін көрсетіп, бүк түсіп отырады)
Жер зарын, үнін естіп, Семейдегі жарылыс тоқтатылып, бұл сұмдықтың пердесін тәуелсіздік ашып берді... Қазақстан ядролық қаруы жоқ елге айналды! Бірақ... Семейдегі қырық жылдық қасіреттің салдары не болмақ!
3. «Ауған құрбаны» кейіпкері:
Айнала тып-тыныш. Аптаған ыстық. Тау жартасында бір сәт отырған кезең. Жан дүнием алай-дүлей! Ауылға, ата-анаға, бауырға, достарға деген сағыныш... Бойымды бір билейді, көз алдымда сағыныш жастары келіп қайтқандай!
Бір кезде өзіме бір мазасыз ой келді... Қайда жүрмін, Ауған жерінде не істеп жүрмін! Жо-жоқ өз борышымды өтеп жүрмін деп сәл өзімді. Туған жерім, өлкем, ауылым мен аунаған топырақ анамның құлыным келдің бе деп, ентелеп жүгірген дауысы көз алдыма келе береді. Кенеттен ту сыртымнан, не болғанын білмедім... Есімді жинасам, госпитальдамын. Біраз уақыт өткен болуы керек. Аяғымды қозғау қиын сол кезде білдім. Бір аяқтан айрылғанымды... Елге қайтатын сәт туды. Екі аяқпен барып , ауған жерінен, бір аяқпен қайттым. Мені көрген Ананың жүрегі қарс айрылды. Тек анамның құшағына аман келдім... деп қауыша бердім.
4. «Желтоқсан ызғары» кейіпкері:
Ызғарлы 1986жыл, желтоқсанның 17-сі. Ентігіп аяқтарын нық басып келе жатқан жастар. Япыр-ай алаңның шет-шетінен жау келіп дайын тұрғандай. «Қазақ еліне өз басшысы» деген ұрандар көтерген жастар үні! Иін тіреген, бір-бірімен қолтықтасып «менің елім», «елім-ай» деген дауыстар желтоқсан ызғарымен бірге үндесті. Кенет дауыс. Өрт сөндіретін машинадан шашылған суық су. Жанталаса қашқан жастарды шашын сүйрей, тепкілей, қылмыскерді ұстағандай көлікке тықты. Шыңғырған дауыс жүрегіңді сыздатар. Алладан көмек сүрап, көздері жәутеңдеген жастар тепкіде...
5. «Тәуелсіздік алауы» кейіпкері:
Тәуелсіздік – ұмыт қалған тілімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымызды, тарихымызды жаңартты! Тіл мемлекеттік мәртебе алды.
Тәуелсіздік – орасан зор ядролық қарудан толық ада мемлекетке дейінгі жолдан өткізді. Тәуелсіздік – жұртты бұрынғы тапталған санадан арылтып, Семей полигонын жаптырды.
Тәуелсіздік – Ауған соғысында қаншама аналар ұлдары мен жарынан, қаншама ұл-қыздар әкелерінен, бауырларынан айрылды, мүгедек, жарым-жан болды.Сол қасіретке әкелген солақай саясатқа тоқтау салды! Ауған соғысына қатысқан, Отанына оралмаған жауынгерлердің зарын естіртіп, адамдардың еркі мен бостандығына еркіндік берді.
Тәуелсіздік – Қазақстанды елдерге танытып, көк байрағымызды қауымдастықта желбіретті. ТӘУЕЛСІЗДІК –жетпіс жыл үстем болған «қызыл империяның» тас бұғауын бұзған қайсар рухты қазақ қыздары мен ұлдарының қайтпастығын бүкіл әлемге танытты.
Бәрі бірге: «ТӘУЕЛСІЗДІК – КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАЙТЫН ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ. ОЛ БІЗГЕ ЕРЖҮРЕК БАБАЛАРЫМЫЗ ҰЛЫ ДАЛА КӨШПЕНДІЛЕРІ ҚАЛДЫРҒАН КИЕЛІ ӨСИЕТ».
4. Тұлғатанымдық сынақ.
Жеттік міне, осы күнге көптен бері аңсаған.
Ата-баба ұрпақ үшін көп қуатын жұмсаған,
Осы күндер құрбан етті талай қазақ жандарын,
Бұл күн үшін неше тұлға аямады қандарын
Бейбітшілік үні кетті керегеңнің басынан,
Талай пендең орын тапты мерт болғандар қасынан
дегізген, ұрпаққа үлгі болған тарихи тұлғаларымызды оқушылар қаншалықты танитындығын білу үшін танымдық сұрақтармен оқушыларымызды сынап алайық!
1.Ол гуманист, демократ, шешен, ақын, композитор, аудармашы, лирик, жазба әдебиетінің негізін салушы. Ол кім? (А.Құнанбаев)
2.Арғы атасы қанішер деп аталған, өзі қолбасшы, қазақтардың басын біріктіріп, Қабанбайға жолдас, Бұхар жырларына арқау болған хан.
(Абылай хан )
3.Қарағандыда туылған, қазақтың тұңғыш ғарышкері.
(Т.Әубәкіров)
4.Өзі ақын-жырау, философ, желмаясына мініп, жерұйық іздеп дүниені шарлаған тұлға. Ол кім?
(Асан қайғы)
5.Желтоқсанға қатысып, Қазақ КСР-нің қылмыстық кодексінің 173-бабының 1 тармағы бойынша, өлім жазасына кесілген студент. Ол кім?
(Қ.Рысқұлбеков)
6.Инженер-металлург, экономика ғылымының докторы, комсомол-партия ұйымдарында еңбек еткен, ҚКОК хатшысы.
Ол кім? (Н.Назарбаев)
5. «Талаптың мініп тұлпарын» бокс үйірмесіне қатысатын балалар өнерін тамашалау.
6.Би «Қара жорға»
6. «Ұрпаққа аманат» ету рәсімі.
Ортаға «Ұмай ана» келіп оқушыларға аманат айтады:
Ұмай Ана:
О, Жас өрен, таза да пәк ұрпағым!
Аманатын алып келдім бабалардың бұрынғы,
Мына ел, мына жер ата-баба қаныменен, жаныменен
қорғаған қасиетің бірінші, - аман сақта сен оны!
Туған тілің екінші бақ- берекең, оны да сақтау, таза ұстау мына сенің парызың!
Дәстүрің мен салт- санаң халықтықтың белгісі, мұны да сақта, қаймағын бұзбай қадірле.
Туған тарих рухани байлығың, жүрегінен қаны тамған бабаңның, жүріп өткен жолы қалған қасіретті халқыңның, оны да сақта бұрмалат па, ешкімге!
Дәл осылай қарашықтай сақта халық байлығын!
Қадірлей біл, Бағалай біл Бақытты!
Ел басына келіп қонған бүгінгі!
Білім алып, еңбек етсең ертеңге,
Қадір тұтар кейінгі ұрпақ сені де.
7.Қорытынды.
«Жаса, Қазақстан» әні.
Қайсар рухты қазағым

Қарақи я ауданы, Мұнайшы кенті, № 7 орта мектебі
Аманшаева Ж.
